"Шоң би" трилогиясында XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ рулары арасындағы тартыс, Ресей билеушілерімен арадағы қарым-қатынас, алғашқы орыс бекіністерінің салынуы, аға султандыққа талас, т.т. кеңінен суреттелген. Шоң би қарт тарлан, көреген саясатшы ретінде қара халықтың мұңын көздеп, жоғын жоқтайды, елдің тұтастығы үшін күреседі. Әрбір оқиға, әрбір дау-дамай сайын Шоң бидің шоқтығы биік, біртуар жан екеніне шүбәсіз иланасыз. Қазақтың Шоң бидей перзенттері өзін-өзі басқара алмайтын халық болмайтынын сонау XVII ғасырдың аяғы, XVIII ғасырдың басында-ақ дәлелдеп шыққан. Шығарма Шоң би бейнесін заманының арғыдан ойлайтын, кең алымды зор қайраткері етіп көрсеткен.