"Өмір деген аққан судай"- деген осы екен. Зейнеш Рақышқызының балаларына арнап жазған естелігін қолжазбасынан оқып отырып, осыған көз жеткізгендей болдым. "Бала - адамның бауыр еті" деп неге айтылған дейсіз? Иә, ұрпақ өмірдің жалғасы, әр адамның артында қалар ізі десек, Зейнеш апайдың балаларына арнап жазған естелігі, сөз жоқ, үлкен қазына, құнды ескерткіш. Ұрпақ ең алдымен өз ата-анасының өмірі, өзінің бала шағы жайлы білуі тиіс қой. Ата-ана әр баласына өмір жайлы, бастан кешкен оқиғалар жайлы әр кез айтып отырса да, кейде оның бәрі бірдей есте сақтала бермейді. Мынадай тасқа басылып шыққан естеліктің балалар үшін алар орны айрықша болмақ деуім де сондықтан.