"Абай және орыстың ұлы революцияшыл демократтары"- қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет (қазіргі «Жазушы») баспасынан 1959 ж. жарық көрген монографиялық еңбегі. Авторы - Ә. Жиреншин. Монография 4 тараудан және сөз соңынан тұрады.
Ғалым онда Абайдың қазақ халқының данышпан ойшылы болып қалыптасуында із қалдырған 19 ғасырдың 2-жартысы мен 20 ғасырдың бас кезіндегі қоғамдық ой-пікірлерге, тарихи оқиғаларға шолу жасайды. Шығыстың өшпес жұлдыздары Фирдауси, Низами, Сағди, Хафиз, Хайям, Жами, Науаилармен қатар Н.Г. Чернышевский, А.С. Пушкин, М.Ю. Лермонтов, Ф.М. Достоевский, М.Е. Салтыков-Щедрин, Л.Н. Толстой, В.Г. Белинский, Н.Г. Добролюбов, Д.И. Писарев сынды орыстың озық ойлы ақын-жазушыларының Абай дүниетанымының қалыптасуына жасаған ықпалын сөз етеді. Қазақ даласына саяси көзқарастары үшін жер аударылған, демократ ғалымдар Е.П. Михаэлис, Н.И. Долгополовтармен Абайдың жарқын достығы жайлы нақты деректер келтіреді. Еңбек ғалымдар мен әдебиетшілерге, көпшілік оқырман қауымға арналған.