"Ақбілек" - Жүсіпбек Аймауытовтың қаламынан туған психологиялық роман. Роман тұңғыш рет 1927 жылы "Әйел теңдігі" журналында жарияланды. Ақбілек романы - қазақ ауылындағы дүрбелең жылдар шындығын, олардың дәстүрі мен тұрмысын, жекелеген адамдардың іс-әрекеттері мен қарым - қатынастарын, әсіресе негізгі тұлға - Ақбілектің қызығынан қиындығы мол өмір жолдары жайында мұң мен шер де, сыр да толғайтын туынды. Бір ғана қазақ қызының күрделі тағдыры негізінде әлеуметтік төңкерістер тұсындағы қазақ ауылының өзгеру процессін суреттеген алғашқы қазақ романдарының бірі. "Қартқожа" романы - Жүсіпбек Аймауытовтың 1926 жылы Қызылордада жеке кітап болып басылып шыққан туындысы. Бас кейіпкердің прототипі - Қартқожа Жананұлы Тоғанбаев. Бұл қазақ кедейінің өмірін, оның әлеуметтік арпалыстар кезіндегі күрделі тағдырын эпикалық үлгіде көркем бейнелуге арналған қазақ әдебиетінің алғашқы елеулі шығармасы. Онда қазақ ауылының революция алдындағы және әлеуметтік қақтығыстар кезіндегі тіршілігі, азаттық жолындағы күрестен кейінгі жаңаша ұмтылысы шыншылдықпен бейнеленеді.