Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, керекулік ақын Арман Қанидың жыр жинағы "Ар
алдында" (2001 ж.), "Қызыл түнектегі ақ бұрқақ" (2004 ж.), "Тамшылар" (2004 ж.) атты шағын жинақтарына енген туындылардан және жаңа өлеңдерден тұрады. Мәні мен тақырыбының орайластығы бойынша өлеңдер төрт бөлімге топтастырылған. "Егіз әуен, екі жұрт" аталатын бірінші бөлімде ата мекен, туған жер туралы сыршыл жырлар қамтылған. "Бостандық тұлпары" атты бөлім қилы тарихи кезеңдердегі күрделі оқиғаларды суреттейтін саяси, азаматтық жырлардан тұрады. "Шындық елесі" лирикалық қаһарманның өміріндегі күйінішті де, сүйінішті жайттарды бейнелейтін туындылардан құралса, " Өнердегі өмір" бөліміне енген сыршыл өлеңдерде ақындардың, өзге де шығармашыл адамдардың ерек тағдыр-талайы, дүниетанымы ашылып берілген. Эпикалық баяндау мен лирикалық толғаудан тұратын "Ақшабике" атты поэмада тарихи аумалы-төкпелі кезеңде, ел бірлігін сақтау мақсатында, сүйген жігітін опат қылып, өзін де мерт қылған қаһарман қыздың бейнесі сомдалған.