Өлеңдерін орыс тілінде жазатын белгілі қазақ ақыны Бақытжан Қанапияновтың есімі бүгінде бүкіл әлемге аян десе артық болмас. Оннан астам төлтума жыр жинақтары жарық көрген оның шығармалары ағылшын, неміс, жапон жіне тәуелсіз достастық елдерінің тілдеріне аударылды. Кітаптары Америка мен Англияда, Ресей мен Украинада басылып шығып, әдеби ортадан жоғары баға алды. Қандас ақынының
жырларына қаламдас қазақ достары да зер салып, оны туған тілде сөйлетуге тер төгіп жүр. Олардың арасында қазақ жырының танымал тарландарына айналып қалған Иран-Ғайып, Есенғали Раушанов, Несіпбек Айтов, Мылтықбай Ерімбетов және басқалар бар. Бақытжан өлеңдерінің әр-нақышын ана тіліне төкпей-шашпай толық жеткізуге кезінде айтулы ақындар марқұм Жұматай Жақыпбаев пен Дәуітәлі
Стамбеков көп күш салған еді. Негізінен аталмыш қаламгерлердің аудармаларынан құрастырылған бұл кітап ақынның қазақ тіліндегі алғашқы жинағы. Аудармалардың біразын автордың өзі қарап, өндесуге атсалысқанын атап айтқан абзал. Бәрінің де бағасын оқырман қауым бере жатар.