Туған өңірдің, өз өлкеңнің арғы-бергі тарихын, абзал азаматтарын ардақтайын деректі де дәйекті ой толғауға әркім ынталы. Тарихи танымды, дерегі дәлелді "Ардақты елім-Ақтоғай" атты бұл кітап-қалың оқырман сүйсініп оқитын шығарма. Аға ұрпақтың мазмұнды өмірі мен ұстанымы кейінгіге таптырмайтын өнеге десек, осы тағылым шығармаға арқау болған. Біріншіден, кітапты оқыған адам өзінің туған жерінің қойнауын, өзен-көлінің саласын, ел-жұртының дарасын көз алдына елестетеді. Екіншіден, ғасырлар бойы біреуге белес, енді біреуге елес болып жүрген ата мекен тарихы-қазақы мәрттігі мығым, дархан пейіл,
елжанды азаматтардың кемелді ғұмырымен кезек алмасып, толғандырады, тамсандырады, таң қалдырады.