"Дала уалаяты" газеті: жеке тұлға және адам" тақырыбы бойынша жазылған монографияда "Дала уалаяты" газетінің 1888-1902 жылдар аралығындағы материалдары негізінде 270 санына зерттеу жасалынған. Ғылыми еңбекте солардың бәріндегі адамның шыққан тегін, өскен ортасын білуге, отбасының тәрбиесіне мән беруге, бейғамдық психологиядан айырылудың амалдарын нұсқайтын материалдар ғылыми тұрғыда дәйектелді. Газетте ел мен жерді қастерлеп, салт-дәстүрге берік болуға және осылардың негізінде қазақ тілі мен дінінің,
халық деген қасиетті ұғымды жоғалтпай көздің қарашығындай сақтауға пәрмені бар мәтіндердің ғылыми негіздері айғақталды. Бұл материалдар ақыл мен аңғалдық, адалдық пен жалғандық, қайырымдылық пен зұлымдық, тапқырлық пен дәрменсіздік, қайрат пен жасықтық арақатынастарындағы дүние таным қайшылықтарын аңғаруға бағытталған. Пәрменді оқиғаларға құрылған бай сюжеттер жеке тұлғаны білімділікке, ел болудың амалдарын іздестіруге бейімдейді.
Адамның өсуіне, қалыптасуына тірек болатын елсүйгіштік, достыққа беріктік, ынтымақшылдық, байқампаздық және сергектік қасиеттерді сана-сезімге ұялатудың ықпалды амалдары ұлттық құндылықтардан бастау алатындығы монографияда ғылыми-танымдық деңгейде зерделенеді. Басылым өңделіп толықтырылып, баспадан қайта шығарылып отыр.