Ататегіміздің Шежіресі қазақтың мәдени мұрасы. Атамыздан қалған осы құнды жұрнақты жоғалтпай, ұқыптап жадында сақтау бүгінгі ұрпақтың міндеті. Тоғыз таңбалы Найманның бір таңбасы саналатын Қаракерей атасы Найман ішінде ең өскен ата.
Сондықтан да тек Мұрын атасының шежіресі 3 том болып, Қаракерейге арналған кітаптардың 5,6,7-томдарын қамтып отыр. Қолыңыздағы Қаракерейдің 5-томында Мұрынның: Көнші, Токабай, Жанай аталары таратылған. Мұрын атасы Қазақстанның шығыс шекарасындағы Қытай мемлекетімен қиысатын аумақты мекен еткендіктен, аумалы-төкпелі заманда, қазақ басына түскен бірнеше зобалаңның салдарынан, жан сауғалап Қытай мемлекетіне өтіп кетіп, ұрпағының дені әлі күнге сол жақта тұрып жатыр. Автор өз еңбектерінде Патшалық Ресей мемлекетінде бұдан 100-жыл бұрын жазылып, баспа беттеріне шыққан шежірелерімен қатар, сол кезде жүргізілген орыс экспедицияларының материалдарын кеңінен пайдаланған. Сонымен қатар Қытай, Монғолия мемлекеттеріне әдейі іссапарымен барып, сонда тұрып жаткқан құйма-құлақ ақсақалдарға, сұңғыла ақын-жазушыларға жолығып, олардың сары майдай сақтаған қолжазбаларымен катар, Монғолияда шыққан және араб әрпімен Қытай мемлекетінде жарық көрген шежіре-кітаптарын тауып алып пайдаланған. Шежіре жазу үстінде осы еңбектерді саралап, Мұрын атасының Қытайдағы, Қазақстанның түкпір-түкпіріне шашырап кеткен ұрпақтарымен байланысып, кейбір ақсақалдарымен бетпе-бет әңгімелесе отырып, Мұрын шежіресінің осы біртұтас нұсқасын оқырманға ұсынып отыр. Бұл кітап Мұрын ұрпақтарымен қатар барлық шежіре сүйер қауымға үлкен сыйлық болары сөзсіз.